“Ақжайық”-“Астана” ойынына превью

   Ертең ҚПЛ XX туры аясында ел чемпионатында көш соңында қалған оралдың “Ақжайығы” премьер лиганың алдына жан салмаған үздігі – елорданың “Астанасын” қабылдайды. Матч Астана уақыты бойынша сағат 20-00 де Атоян атындағы стадионда өтеді.

Чемпионатымыздың 20-шы ойын күні бізге тағы да керемет ойындар сыйламақ. Ел чемпиондары чемпионатқа биыл ғана қайта оралған оралдықтармен кездеседі. “Астана” мен “Ақжайық” осы қарқындарынан талмаса 1 жыл бұрынғы орындарына қайта ие болары анық, яғни: “Астана” Қазақстанның 3 дүркін чемпионы атанса, “Ақжайық” төменгі лигаға жолдама алады.

Астана

Ойын алдындағы шолуымызды өзінің үшінші титулына жүйткіп келе жатқан астаналықтардан бастайық. Елордалық клуб алдынан шыққанның барлығын қопарып келеді, ең болмағанда 1 гол болса да соғып өз қақпаларына доп жібермей ұпай түгендеп жүр. Осыған дейін осы маусымда 19 ойын өткізген чемпиондар соның 15-ін жеңіспен аяқтаған. Ал осы 15 ойын ішінде, статистикаға сүйенер болсақ 8 ойында 1-0 есебімен жеңген екен С. Стойлов шәкірттері, және 11 ойында 1 доп айырмашылығымен жеңіске жеткен. Кімнің айтқаны есімде жоқ, бірақ бір шетелдік бапкер кезінде: “Чемпиондық атақ үлкен ойындарда емес, аутсайдерлерге қарсы ойында жеңіледі” деген болатын. Шынымен де, не “Ертіс”, не “Қайрат” қос ойын қорытындысы бойынша “Астаналықтарға” ұпай жағынан есе жібермеді, бірақ фаворит болып саналып жүрген өз ойындарында өз аяқтарына өздері шалынып жүр. Осылай қарап тұрсаң астаналықтардың керемет жұмыс жасап тұрған тренерлік машина, команда, жай ғана команда емес, нағыз “команда” екенін түсінуге болады.

Ақжайыққа қарсы ойын елордалықтардың Чемпиондар Лигасы алдындағы соңғы дайындығы. Осы ойында бас бапкер алаңға шығатын жігіттерін бір сынап алатыны сөзсіз. Клубқа кеше ғана қайта оралған Кабананганы да алаңға шығарып, бір көсілтіп алатын мүмкіндік бар, себебі еліміздің ең нашар қарсы командасына қарсы ойында сынақ жасамасаң басқа қай күні ойыншыларды тексеруге болады. Кабананга ойынға шыға сала гол соғып “Астана” қоржынына 3 ұпай салып үлгерді, былтыр чемпионаттың соңғы ойынында осы қара бала чемпиондық атақты елорда жанкүйерлеріне сыйлаған болатын. Ертеңгі ойында елордалықтардың тек жеңіске ойнайтыны түсінікті, сондықтан бұлм машинадан керемет ойын күтеміз.

Ақжайық

Алаң иелері трансферлік терезенің соңғы күні бос жүрген жігіттердің бәріне дерлік контракт беріп, командаға қосып алды. Бас бапкері ауысқан оралдықтар ел премьер лигасында қалуы үшін соңғы демдері қалғанша күресетіндері сөзсіз. Жайық жағалауының аяқдопшылары қазіргі сәтте еліміздің чемпионатында соңғы орында келеді, ал чемпионға қарсы ойында ең болмағанда 1 ұпай алады деуге сену өте қиын. “Ақжайық” сапына белді ойыншылар келгенімен бірден ойынға кірісіп, “Астананы” алшысынан түсірмесі анық. Менің ойымша бұл ойыншылар енді 3 ойыннан кейін басталатын аутсайдерлер арасындағы плей оффқа көзделіп алынған. 19 ойын ішінде оралдықтар тек 3 ойынды ғана жеңіп, 14 ойында жеңіліс тапқан, қалған кездесулерін тең ойнаған. Доп жіберу көрсеткіші бойынша еліміздің ең нашар командасы: 32 доп жіберген, ал олардың бүгінгі қарсыластары 10 ақ доп өткізіп статистика көшін бастап келеді.

“Ақжайық” сапын соңғы күні Қ. Нұрдаулетов және М. Шахметов ұлттық құрамада ойнаған белді футболшылар толықтырды. Бұл аяқдопшылардың командағы қосылуы үлкен плюс және команданың ұнай қорына да плюс болады деген сенім бар. Шынын айту керек “Астана” қаншалықты фаворит болғанымен оралдық өз жерінде қарап қалмасы айдан анық. Бірақ оралдықтар алдыңға ойында барлық қарсыласқа ұпай үлестіріп жүрген “Ақтөбеге” доп соға алмай қайтты, сондықтан тас қамал қорғанысы бар елордалықтарға қарсы ойын оңай түспесі белгілі.

Статистика

Бұл компонентке сенсек “Ақжайық” “Астананы” әлі күнге дейін ұтып көрмепті, бірақ көп кездескен деп те айта алмаймыз. Бір біріне қарсы 7 рет ойнап, соның 5-де “Астана” жеңіске жеткен, қалғаны тең аяқталған, доп айырмашылығы 14-6, кімнің пайдасына екені түсінікті. Статистика астаның айқын фаворит екенін айтып тұр, бірақ әрбір нәрсе бір күні бірінші рет болады. Ерте дәл сол күн бе, әлде …?

comments powered by HyperComments