Елордалық Астананың Қазақстан Кубогы финалында Алматылық Қайраттан мысы едәуір басым болды.

«Халық командасы» чемпиондықты қолынан ұшырып алғаннан кейін, Қазақстан Кубогы финалында азуын көрсете қайратына мініп бар ықыласымен өнер көрсеткендерімен, ішкі футбол әлеміндегі басты әрі бітіспес қарсыласы Астана ұжымына қарсы тартысқа толы өткен қызықты кездесуде өз алаңы «Орталық стадионда» есе жіберіп алды.

Бұл Кахабер Цхададзе шәкірттерінің Станимир Стойлов басқарып отырған қосынымен осы жыл ішінде өткізген алтыншы текетіресі болатын. 2016 жылы бүгінгі күнге дейінгі өзара өткізілген бес ойындағы жеңістің төртеуі «Халық командасында» болса, қалған біреуі елордалықтардың қалтасында қалған еді. Сондай-ақ өзіндік жоғарғы бір маңызға ие бүгінгі Кубок финалының жеңісі де Астаналықтардың еншісіне жазылды. Осылайша бір жыл ішінде өткізілген алты ойынның екеуін өз пайдаларына орынды жарата білген Астаналықтар тарихи қоржынына үшінші Қазақстан кубогының «алтын медальын» салды.

Екі астана арасындығы дерби Жаңа астаналықтардың ырқына бағына 0-1 есебімен аяқталып, Қазақстан футболында әзірге «алтын тұғырға» лайықты командалардың саны біреу ғана болып тұрғандығын ақ-жасыл шаршы алаңда дәлелдей түскендей болды. Естеріңізге сала кетер болсақ Қазақстан кубогының финалы Алматыда 2011 жылдан кейін араға бес жыл салып енді ғана болып отыр. Бүгінгі финалдағы кездесуге дейін екі команда бір-бірімен жалпы Кубок ойындарында екі мәрте күш сынастырып көрген:
2011 жылы болып өткен алғашқы кездесулерінде аталмыш қос команда 1/8 финалда жол түйістіріп, негізгі ойын уақыты (1:1) есебімен аяқталғанымен, пенальтиден кейін табло (2:4) нәтижесін көрсетіп Қайраттықтардың келесі кезеңге өтуіне жағдай жасаған еді. Одан кейінгі екінші кездесулері алдыңғы жылы ғана орын алған болатын. Ол кездесудің нәтижесі бойынша бірінші голды Астаналықтардың салғанымен, олардың жеңіске жетуіне жеткіліксіз болып табылып, Д.Деспотовичтің дублінен кейін жеңімпаз болып тағы да Алматылықтар атанып өздеріне рекордтық жетінші алтын медальін тарту еткен еді.

Отандық футболымыздағы «Ел классикасын» тамашалауға Орталық стадионға жиналған жанкүйерлердің саны ауа райының күрт суытып кеткеніне қарамай шамамен 8500 дей болды.

Қайрат командасы: С.Покатилов, И.Қуат, С.Арзо, Ж.Маркович, Ғ.Сүйімбаев, М.Бакаев, А.Тимощук, А.Аршавин, Б.Исламхан, И.Барбоза, Ж.Гоу
Қосалқы құрамда: А.Сидельников, Т.Рудосельский, Я.Вороговский, А.Дарабаев, Н.Дайров, М.Раимбек, Р.Нурмугамет, Д.Мусаев, Г.Асеведо

Астана командасы: А.Мокин, М.Аничич, Р.Каньяс, П.Твумаси, Н.Максимович, Д.Кабананга, И.Шитов, А.Бейсебеков, Д.Шомко, С.Мужиков, Ю.Логвиненко
Қосалқы құрамда: Н.Эрич, А.Дуйсен, Д.Деспотович, Б.Кульбеков, А.Нургалиев, Г.Наджарян, Т.Нусербаев, С.Малый, А.Жунусов

Орталық алаңдағы ойын -7 градус суық та бас төреші «Дузмамбетовтың» ысқырығымен басталды. Ойынның алғашқы минуттарынан бастап допқа көбірек иелік ететін алаң иелері Қайрат командасы екені баршамызға мәлім болғанымен, көп жағдайларда Астана командасы сырт алаңда ойнасада бүгінгі ойында еш қысылмай-көсілетіндерін көрсетуге тырысып бақты. Алғашқы қауіпті деуге тұрарлық шабуылды бесінші минутта-ақ Астаналықтардың жасағанымен, бұл жай қатардағы шабуыл дәрежесінен әрі аса алмады. Астаналықтардың осы шабуылынан кейін Алматылықтар А.Мокин қорғаған қақпаға қатарынан 3-4 рет соққы бағыттап көріп, жүйелі бір шабуылдар легін жасағандай болғанымен, таблодағы есепті өзгерте алмай әбігерлікке салынды. Қос команданың да «ақ қар» үстінде жасап жатқан шабуылдары мардымсыз болып, гол соғуға қауқарлары жетпей ойынның бірінші бөлігі (0:0) есебімен аяқталды. Ойын арасындағы үзіліс кезінде бас бапкерлер ойыншылар сапында ешқандай өзгеріс жасамай, еш өзгеріссіз басталды. Екінші тайм бастала салысымен Қайраттық қорғаушылар сылбыр қимылдап 48 минутта Д.Кабананганың көзге түсуіне мүмкіндік беріп алды. Соғылған голдан кейін Оңтүстік астаналықтар есін лезде жиа қойғандай толассыз қарқынды шабуылдап көріп, ойын арнасын басқа бағытқа бұруға сан түрлі мүмкіндіктері болғанымен соларды қиыстырып өз пайдаларына жарата алмай жатқандай кейіп танытты. Ойын алдында болып өткен пресс-конференцияда көп алдында көсіле сөз сөйлеп, бүгінгі ойынды пенальти арқылы жеңуге қарсы емеспін деген С.Стойлов ойын басымдығы өз жағында болғандықтан тың ойыншыларды көбірек шығарып осы есепті ұстап қалуға барынша тырысты. Екінші таймның соңғы он минутында Б.Исламхан бастаған Қайраттықтар тынымсыз әрекет етіп есепті теңестіруге тырысқандарымен бұл ойларын кеш бастағандай болып, қандай да бір өзгерістер жасауға үлгермей қалды.
Осылайша Д.Кабананганың қиыстан-қиыстырып салған голы Астаналықтардың бір жыл ішінде екінші рет жоғары орынға жайғасуына толықтай ықпал жасады.

АВТОРЫ: Құрманғазы Толыбаев

comments powered by HyperComments