Кім мықты екені тек ойын барысында шешіледі

  Қазақстан премьер лигасының XIX туры аясында талдықорғандық ‹‹Жетісу›› алматының ‹‹Қайратын›› қабылдайды. Матч, Жетісу орталық стадионында 3-ші шілде күні жергілікті уақыт бойынша 18-00 де басталады.

Чемпионатымыз кеше ғана басталған секілді еді, көзді ашып жұмғанша премьер лиганың 19-шы ойын күні келіп қалыпты. Қазіргі сәтте 2 команда да өзіне қойылған міндеттерді жақсы орындап жатыр десе де болады. Алдымыздағы ойынға алматылықтар чемпиондыққа толыққанды үміткерлер ретінде келсе, талдықорғандықтар премьер лигада қалу мәселесінің негізгі бөлігін шешіп алғандай көрінеді.

Қайрат

Әдеттегідей, ойын алдындағы шолуымызды қонақтардан бастайық. 18-ші турда ел чемпиондарын тізе бүктірген “халық” командасы бұл ойынға жақсы көңіл күймен келері айдан анық, себебі 1-ші орындағы “Астана” клубымен ара қашықтық қысқарып, қуып жетуге шынайы үміт пайда болды. Сонымен қатар, чемпионатымыздың 2 ойыны арасында “Қайраттықтар” өздерінің Европадағы жолын бастап үлгерді. Сырт алаңда 0-1 есебімен Албанияның “Теута” командасын жеңіп, келесі кезеңге өтуге бір табан жақындай түсті.

Енді қайтадан чемпионатқа оралсақ. Қайратта матч алдында шешетін мәселе бастан асып жатыр. Сары қағаздары көптігіне байланысты ойынға Ж. Маркович пен А. Аршавин қатыспайды. Ресейлік жартылайқорғаушының жоқтығын анау айтар мәселе демесек, сербиялық қорғаушының ойынға қатыспауы матч кезінде алматылықтарға қиындық тудыруы мүмкін. Ойын алдында “халық” командасында бір де бір орталық қорғаушы қалмады: Т. Рудосельский мен Б. Соарес жарақаттарына байланысты ойнай алмайды. Осындай мәселелерді шешу үшін К. Цхададзенің біраз бас ауыртары айдан анық, себебі 1  күн ішінде аспаннан керемет қорғаушы түспесі белгілі. “Қайрат” футбол клубының бас бапкері ойын алдындағы сұхбатында кейбір футболшыларға демалыс беретінін айтқан, сондықтан ойын кезінде алматылықтардың құрамы қандай болатынын болжау қиындау.

Жетісуға қарсы ойын “Қайраттың”cловакиялық легионері Лукаш Тесак үшін соңғы болады деген сыбыс бар. Себебі, командаға “Ордабасының” сол қанаттағы қорғаушысы Гафуржан Суюмбаев қосылмақ, ал ел құрамының негізгі ойыншысы қосалқы құрамға отырамын деп келмесі белгілі. Тағы бір айта кетерлік жайт орталық қорғаушы мәселесін шешу үшін де Лукаштың командадан кетуі ғажап емес, “Қайрат” футбол клубы орталық қорғанысты шетелдік ойыншымен күшейткенді жөн көріп отыр. Басты нысандар болып саналған М. Гурман мен С. Малый басқа командалармен келісім шартқа отырып қойды.

Жетісу

Алматылықтар Албанияға барамыз деп жер шарлап жүрген кезде жетісулықтар “Қайратқа” қарсы ойынға дайындығын жоспар бойынша өткізіп, премьер лиганың 19-шы турына сақадай сай келуде. Команда әзірге өзіне қойған міндеттерді орындап жатыр: премьер лигада қалу мәселесі де олар үшін аса бір қиындық тудырып жатыр деп айта алмаймыз. 18-ші ойын күні керісінше жетісулықтар үшін сәтсіз болды, команда сырт алаңда “Ертіске” жол берді. Ал 2 тур арасындағы біршама үзілісте құр отырмай, “Қайрат” Европаға жол тартса, “Жетісу” өздерінің жастар құрамасына қарсы ойнап: 5-0 қылып оңдырмай жеңді.

“Халық” командасы секілді талдықорғандықтар да қорғаушы тапшылығына байланысты трансферлік терезені пайдаланып мәселелерді шешіп алуға тырысуда. 1 ай бойы ашық тұрған трансферлік терезе кезінде біреулер аузын ашып, айға қарап жүргенде А. Кулшинбаев өз командасын 2 қорғаушымен толықтырып, артқы шептің мәселесін шешіп алды деуге болады. Себебі талдықорғандықтардың қорғаныста мәселелері көзге көрініп ақ тұр, чемпионатымызда гол өткізу жағынан тек оралдың “Ақжайығы” мен “Ақтөбе” ғана жетісулықтардан төмен тұр, қалған клубтардың гол жіберу көрсеткіші әлде қайда жақсы.

Жетісулықтарда болып жатқан трансферлік өзгерістерге тоқталайық. Жоғарыда команда құрамын 2 қорғаушы толықтырды деп атап өткенмін, сонымен қатар командадан “Қайрат” сапына жартылайқорғаушы Б. Тұрысбек ауысты. Командаға қосылған қорғаушылар: 25 жасар француз қорғаушысы М. Ваг және “Астана” сапынан, маусым соңына дейін, Б. Шаихов арендаға алынды.

Статистика

Қазақстан премьер лигасында бұл командалар 37 рет кездесіп: 9 ойында бүгінгі алаң иелері жеңген, 6 ойын тең аяқталған, ал қалған 22 ойында қонақтар 3 ұпайды қанжығасына байлаған екен. Статистика “Қайраттың” матч алдында анық фаворит екенін көрсетіп тұр, доп айырымы да 27-53, ал ҚПЛ аясындағы алғашқы кезеңдегі ойында Алматыда 2-0 есебімен “халық” командасының пайдасына шешілген болатын.  Бірақ, мен өзімнің ең бірінші мақаламда жазғам, футбол ешқашан қағаз жүзінде ойналмайды, ақ парақ бетінде “Қайрат” жеңеді деп айқайлап тұрғанымен Д. Савич бастаған жігіттердің осал емес екені анық. Кеше ғана Исландия мен Уэльс ұлттық құрамалары футболдың жасыл алаңда ойналып, кім мықтыны тек ойын шешетінін көрсеткен, сондықтан матчқа болжам жасаудан аулақпын, командаларға сәттілік.

comments powered by HyperComments